ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ «Қ.МҰХАМЕДЖАНОВАТЫНДАҒЫ № 1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

ХХ ғасырдың басы қазақ халқына қуанышы мен қиындығы, азаттығы мен азабы қатар келген заман болды. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы Ресей патшасы ІІ Николайдың өкіметін құлатты. «Қазақ» газеті «киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды» деп қуана жазды. Ал Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы үшеуі қол қойған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяу арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті» деп жазған болатын [1, 297]. Алайда көп ұзамай-ақ саяси сахнаға келген Уақытша үкімет күткен үмітті ақтамады. Оның кадет басшылары, бір жағынан, қазаққа автономия беруден жалтарса, екінші жағынан, жер мәселесі, шіркеуді мемлекеттен бөлу, қазақ қауымы үшін аса маңызды басқа да мәселелер жөнінде Алаш басшыларынан тіптен бөлек пікірде болды. Сондықтан да сол кездегі қазақ зиялы қауымының көш басшысы Әлихан Бөкейхан өзі мүшесі болған кадет партиясынан шығып, азаттықтың өзі таңдаған жолына түсіп еді.

Сан ғасырлық монархияның тақтан түсуі қазақ халқының саяси санасының көтepіліп, қазақ даласымен ғана шектелмеген Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жаңадан өріс алуына айрықша әсер етті. Уақытша үкіметтің батылдығы әлі жетпей жатқан аралық кезеңді тиімді пайдаланып қалған Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялы қауымы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда Алашорда үкіметін құрған болатын. Мұстафа Шоқайдың тікелей араласуымен орнаған Қоқан автономиясы да орнаған еді. Бірақ бұлардың өмірі ұзақ бола алмады. Түркістан үкіметін бас-аяғы екі жарым айда қанға бөктірген большевиктер 1920 жылы Алашорда үкіметін жер-жерде жойды.

1917 жылдың қазанында әлеуметтік әділеттілікті ту етіп Кеңес өкіметінің тарих сахнасына келгендігі белгілі. Ол Қазақстанның кейбір жерлерінде кескілескен күрес үстінде, ал кейбір өңірлерде бейбіт жолмен орнап жатты. Алайда асыл идеяның бір мәселе екенін, оны жүзеге асырудың мың мәселе екенін тарих дәлелдеді.

Ресейдің өзінің Батыстан кенже қалуы, мәдениеті жағынан онан төмендігі, кеңес көсемдерінің аграрлық елде социализм орнатамыз деген ниеттері қанша қиыншылық әкелді. Бұл, әсіресе бұрыннан патшалық Ресейдің отары болып келе жатқан қазақ елін талай трагедиялық жағдайларға ұшыратты. Тек бір-ақ мысал алайықшы. Азамат соғысы кезінде қазақтарды қызылдар да қырды, олардың жауы ақтар да қырды. Қазақ даласы азып-тозып кетті.

Рас, кеңес өкіметі қазақ даласына көп жаңалық әкелді. Көп нәрсе берді, алайда оның алғаны тіптен көп болды. Ресейдің отаршылдықты басқа «социалистік интернационализм» саясатымен жүзеге асыра отырып, Кеңестік көсемдердің діттеген мақсаты күндердің күнінде қазақ халқын орыстандыру, Ресейге қосу болатын. Әйтпесе, айдың күннің аманында, социализмнің «шарықтаған» шағында Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қосуды армандаған Хрущевті қалай түсінуге болады? Сондай-ақ мазмұны социалистік, түрі ғана ұлттық мәдениет еш елдің тарихында бұрын-сонды болған емес.

Мұның бәрін айтқандағы ойымыз – кейбіреулер айтқандай, 1918 жылғы қазақ қоғамындағы жаңалықтар тікелей кеңес өкіметімен байланысты емес еді. Бұл жаңа жағдайды, яғни патшаның құлағанын пайдаланып, қазақ қоғамының алдыңғы қатарлы өкілдерінің өз беттерінше әрекет ете бастағаны болатын. Өйткені большевиктердің бұған әлі қолы жете қоймап еді. Сондықтан да осыдан 90 жылдай бұрын, нақтырақ айтқанда, 1918 жылы Қызылорда қаласында бұрынғы 1 Май, қазіргі қаламыздағы Қ. Мұхамеджанов атындағы № 1 мектеп-гимназиясының іргетасының қалануы әсте кеңестік саясаттың нәтижесі емес болатын. Ол осы бір аралық кезеңді, патша өкіметінің құлап, кеңес өкіметі әлі кең етек ала алмай тұрғанда, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының әсерін елдегі қазақ зиялыларының пайдаланып қалған сәті еді.

Сонау Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтан басталған Алаш ардақтылары қостаған қазақ халқын өнер мен мәдениетке, білім мен ғылымға жетелеген ой-пікірлерді қастерлеп келе жатқан Ақмешіт каласының сол кездегі алдыңғы қатар өкілдері, жаңалыкқа жаны құмар, өз білгенін өзгеге үйретуді арман етіп жүрген көзі ашық зиялы азаматтары С. Есова, М. Ғазизов, А. Ибрагимов, Н, Бекболатов, Ш. Валлиуллин және Ә. Қызылқожаев, т.б. басқалардың бастамасымен 1918 жылдың қазан айында қалада ұлдар мұсылман мектебі ашылады.

Мектепке әуелгі кезде қаладағы негізгі тұрғын қазақтармен қатар өзбек және татар жастары тартылды. Оқу орнының алдына қойған мақсаты оқуға тұрмыстық мүмкіншілігі жоқ кедей-кепшіктердің балаларына хат танытып, сауатын ашу еді.

Осындай іргелі, ілімнің қара шаңырағы аталған мектепте жұмыс істеген, мектепті басқарған ұстаздар, мектеп директорлары туралы қанша айтсақ та артық емес. Өкінішке орай , біз мектеп ашылған кезден бастап еңбек еткен мектеп директорлары туралы тек архив деректері арқылы ғана білеміз. Ел үшін еңбек еткен аға-апалар есімін кейінгі ұрпақ есінде сақтасын деген мақсатпен ол кісілер туралы табылған мағлұматтарды беріп отырмыз.

Мектептің алғашқы директоры болып Шаш-Ахмет Валиуллин тағайындалады. Ол кездегі саяси жағдайларға байланысты мектепті ашу, одан кейін оны оқу құралдарымен қамтамасыз ету өте қиын еді. Мұсылман мектебі де әдепкі кезде өте қиналады. Бұған дәлел - мектептің алғашқы директоры Шаш-Ахмет Валиуллиннің жоғарғы орындарға 1918 жылы жазған хаты. Онда былай делінген: «Бабаев үйі сіздердің үкімдеріңіз бойынша ең бірінші мұсылман мектебінің оқу корпусы болсын дегенсіз, бірақ ол үй осы күнге дейін босатылған жоқ. Сонымен қатар Бабаев үйі тар және көп оқушы сыймайды. Сондықтан сіздерден өтінетініміз, бізге үлкендеу оқу орнын берсеңіздер». Алайда қазақ жастарының білім алуына ынталы ұстаздардың жанкештілігі мен қажырлылығының арқасында мектеп жабылмай қалады.

1922 жылы бұл мектеп зорға дегенде Абай атын иеленді де, бастауыш қазақ мектеп болып, оқу мерзімі төрт жылға ұзартылды. Мектептің меңгерушілігіне кейін «Комсомол» атанған, бұрынғы «Тереңсай» елді мекенінде туып- өскен, өз заманының алдыңғы қатарлы ағартушысы Жармағамбет Жарболов тағайындалады. Ол мектептегі оқыту әдісін қазақтың белгілі педагогы Ы. Алтынсарин мен С. Көбеевтің үлгісімен жүргізіп, ұлттық тәрбие негізіне көп көңіл бөледі. Ж. Жарболовпен бірге С. Елеусінов, Ә. Сақтапов, Б. Құрманбаев деген тәжірибелі ұстаздар да сабақ береді. Орыс тілі мен музыка пәндерінен А. Казимирова мен А. Глазкова сияқты мамандар оқытты. Сабақ араб графикасымен қазақ тілінде жүргізілді.

Алайда әйгілі ақынымыз Жұбан Молдағалиевтың тауып айтқанындай, «мың өліп, мың тірілген қазаққа» Азамат соғысы ауыр тиді. Өмір мен өлім белдесті. «Байтал түгіл, бас қайғы болған» дегендей, аштыққа ұшыраған халық күн көріс қамымен кетті де, өмірді сақтап қалу бірінші кезекке шықты. Осындай жағдайдың салдарынан мектептің жағдайы күрт төмендеді. Аштыққа ұшыраған халық балаларын оқыта алмады. 200-дей оқушысы бар мектепте оқитындардың саны 50-ге дейін азайды. Бірақ қазақ жастарының білім алуына ынталы, қайсар ұстаздардың жан кешті тірлігі мен қажырлылығының арқасында мектеп жабылмай қалды. Қалыптасқан қиын жағдайдан шығудың жолын, халқының келешегін ойлаған азаматтар сан алуан әрекеттерге барды. Бүгінгі күннің биігінен қарасаң, аңыз етіп айтар жайлар болды. Қаржының тапшылығын толықтыру үшін олар қалада және «Бірқазан» станциясында ат жарыстарын өткізіп, халықтан ақша жинады. Ақылы сабақтар ұйымдастырылды. Түскен қаржы мектепті жөндеу, оқу-құралдарын сатып алуға жұмсалды.

1926 жыл Ж. Жарболовтың халық соты болып сайлануына байланысты мектептің меңгерушісі болып А. Беков тағайындалды. Бұл кезде мектеп бұрынғы Нариман, кейін 1924 жылы пролетариаттың көсемі В. И. Лениннің қайтыс болуына орай Ленин есімі берілген көшедегі төрт бөлмелі үйде орналасқан болатын.

1927-28 оқу жылдары мектепте ер балалармен қатар қыздар да оқыды.

1934 жылы Абай атындағы бастауыш мектеп 7 жылдыққа айналды. Мектептің басшылық қызметіне алғашқы жылдары Абдулла Сариев келді. Жастарға жаппай 7 жылдык білім беру заңы қалай да орындалуға міндеттелінді. Аздап та болса, өкімет тарапынан мектептің оқу- материалдық базасын көтеруге қаржы бөліне бастады. Оқуға тартылмаған немесе шала оқып тастап кеткен, оқу жасындағы балаларды іздеп табуға, жинауға тура келді.

Ол кезде мектептің оқушыларының саны, мұғалімдер құрамы аз болатын. Мысалы, 1936 жылғы айлық ведомствосындағы мұғалімдердің тізімінде 8 адам бар еді. Олар мыналар болатын: Сариев А. – директор, Әшімов К. — оқу ісінің меңгерушісі, ал Пірназаров А., Байханов Д., Нұрмағанбетов С., Қазхожаев, Гусев және Айдашева — мұғалімдер еді.

Байырғы журналист, еңбек ардагері Зейнулла Жарқынбаев ағамыздың ертеде «Ленин жолы» газетіне жарияланған естелігінде ойнап жүрген ауыл баласын, яғни өзін мұғалім Ахмет Пірназаровтың: «Сенен бірдеңе шығады, көзіңнің оты бар екен», — деп, қоярда қоймай ата-анасын көндіріп, атына міңгестіріп алып, қаладағы оқуға түсіргені сол кездегі шынайы шындық болатын. Ұстаз үміті қателеспепті, Зекең жасынан зеректігі мен алғырлығын танытты. Жиырма төрт жасында Сырдария аудандық партия комитетінің хатшысынан бастаған қызметін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Бас редакторының орынбасары, Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы, содан өмірінің соңғы жылдарында көп уақыт облыстық атқару комитетінің басшыларының бірі болғандығын Сыр өңірі жақсы біледі.

1936 жылы қыркүйектің 1-де жергілікті атқару комитетінің ұйғарымымен 7 жылдық мектеп 1 Май аталды. Мектеп директоры болып Нұрмағанбетов Садық тағайындалды. Садық Хұсайынұлы Нұрмағанбетов 1913 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында кедей шаруаның жанұясында дүниеге келді. 1926-30 жылдары ауыл мектебінде 4 кластық білім алып, мұғалімдер даярлайтын институтқа оқуға түсіп, институт таратылып техникумға айналды да, сол техникумды 1935 жылы аяқтап шықты. Жұмыс істеп жүріп 1948 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін және 2 жылдық партия мектебін бітіріп шықты.

Садық Хұсейінұлы 30-ыншы жылдары Қызылорда қаласындағы жұмысшылар факультетінде оқытушы, 1Май атындағы толық емес орта мектептің директоры, Қызылорда қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1940-1941 жылдары Қызылорда облыстық жастар одағының хатшысы және облыстық оқу бөлімінің меңгерушісінің орынбасары болып істеді. 1941 жылғы қаңтардан бастап 1947 жылғы сәуірге дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасында хатшы болды. Ал 1948 жылғы тамыздан 1955 жылғы сәуір аралығында Алматы облыстық партия комитетінің мектептер және жоғары оқу орындары бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласы Совет аудандық атқару комитетінің төрағасы, Алматы облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

1976-1988 жылдар аралығында республика мұғалімдерінің білімін жетілдіру орталық институтында жұмыс істеді. Садық Нұрмағамбетов белсенді еңбегі және қоғамдық қызметі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Елде ашаршылық, қуғын-сүргін заманы болғанымен, мектеп мұғалімдері оқушыларға, соның ішінде, жетім балаларға бұл қиын кезеңдерді жеңілдетіп, мектепте «1 Май», «7 Май», «Лениннің туған күні» тағы басқа даталы күндерге қатысты іс-шаралар көптеп өткізді.

Мектеп қызметінде көзге түскен тәуір кадрлар басқа жұмыстарға көтеріліп, ауысып та жатты. Соның бірі математик және физик Садық Нұрмағамбетов ағамыз көш басына ілігіп, мұғалімдер ұжымы ортасынан суырылып шықты. Директорлықтан кейін Сәкең 1938 жылы қалалық оқу бөліміне меңгерушілікке ұсынылады. Содан республиканың Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Көп кешікпей ол 1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төралқасының жауапты хатшылығына тағайындалды. Республика деңгейіндегі аса жауапты қызметті абыроймен біраз жылдар аткарған соң Садық Нұрмағамбетов оқу ағарту саласына ауысты. Сәкең қуаты барында бұл дүниеден өткенше, туған топырағына келгіштеп, өзінің алғаш жұмыс істеген 1 Май мектебіне соқпай кетпейтін.

1937-1938 оқу жылында пайдалануға берілген мектеп ғимараты.

Біздің мекен-жайымыз:

Қызылорда қаласы, Иса Тоқтыбаев тұйығы №2, ғимарат-8

+7 (724) 227-62-33